Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу

Биыл Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Осыған байланысты Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде тәрбиешілер Г.К.Сексенбаева, Н.Б.Текесбаева, Ә.А. Асенова мен мұғалім Ерғазы Е.Е. ұйымдастыруымен «Ауғанстан – жүректегі жара!» атты ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өткізілді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болып табылады. Кездесуге ауған соғысының ардагерлері Дауылбаев Айдархан Адамұлы және Жұмағалиев Мұса Ғайнуллаұлы қатысты.Кездесу Қазақстан Республикасының әнұранымен басталды. Кездесу кешін ашқан Сексенбаева Гүлнара Келгенқызы кеш қонақтарына уақыт бөліп келгендері үшін алғысын білдіріп, бұл кездесудің мәні мен мағынасына қысқаша тоқталып өтті де, сөз кезегін кештің жүргізушілері Еркінбай Жұлдызай мен Кокушев Науанға берді. Олар өз кезегінде ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында үнсіздік минутын жариялады. Келесі кезек кеш қонақтарына арналған концерттік бағдарламаларға берілді. Оқушылар күй тартып, ән салды және ауған соғысына арналған жыр шумақтарын оқыды. Концерт соңынан осы колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанна Байдоллақызы мен директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Салтанат Орынқызы ауған соғысы ардагерлерінің бүгінгі ұрпаққа берер тәрбиесінің маңызы зор екеніне көңіл аударып, осы кешке қатысып отырған ауған соғысының ардагерлеріне жылы лебіздерін білдірді. Сөз ауған соғысының ардагерлері Айдархан Адамұлы мен Мұса Ғайнуллаұлына берілген кезде, олар оқушыларға соғыс кезіндегі естеліктерін айтып берді. Соғысқа кетпей тұрып, Айдархан да Мұса да спортшы болған екен. Сол кездің өзінде жиырма жасар Айдархан бокстан халықаралық спорт шебері болыпты. Сондықтан да ол Ауғанстанда «Мұсылман батальонының» командирі болып, диверсиялық операцияларға қатысқан екен. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ауған соғысының ардагерлері оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Кешке қатысқан республикалық «Сөз өнері» газетінің редакторы Абдрахман Сейткерімұлы өзінің «Ауғанстан соғысы» атты өлеңін оқыды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *