1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай, елімізде «Балалардың игілігі үшін» атты республикалық акция өтіп жатыр. Осы акция аясында Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде чемпионмен кездесу өтті. Бокстан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, кәсіпқой боксшы, WBO орта салмақтағы құрлық аралық чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Ислам қонақта болды. Акцияның мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, балалардың денсаулығын нығайту. Кездесу кешіне спорт мектеп-интернат-колледжіміздің ұжымы мен спортшылары қатысты. Жастармен сұхбат барысында Қанат Ислам өзінің өмірі жайлы, спортта жеткен жетістіктерімен бөлісіп, спортпен қатар білімді де алып жүру керек екенін, спортпен тыңғылықты шұғылданып, чемпион болу үшін темірдей тәртіпке бағыну керек, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керек екенінде атап өтті. Әуесқой және кәсіпқой бокстың айырмашылықтары мен жаттығуларында айтты. Әңгімелесу еркін форматта болғандықтан, жас спортшылар атақты спортшымызға өздерін толғандырған түрлі сауалдарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Осындай кездесулер ұйымдастыру арқылы спортшыларымызды патриоттық сезімге, ұлтжандылыққа, отанын сүюге, еліміздің атақты тұлғалары мен спортшылардың өмірлерімен танысып, өздеріне қажетті мағлұмат алып отырады. Қадірменді қонаққа жас спортшыларымызда өз өнерлерін көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Дінмұхаммед Қонаев қорынан келген арнайы өкіл Бек Срайлов мырза қор атынан Қанат Исламға төс белгісін тағып, Дінмұхаммед Қонаев атамыздың кітабын сыйға тартты. Кеш соңында жас спортшыларымыз қонақтармен суретке түсті.