Астана қаласында ақпан айының 14-17 жұлдыз аралығында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Еліміздің барлық өңірінен 800-ден аса спортшылар бақтарын сынады. Ерлер 8 салмақ дәрежесі (50кг,55кг,60кг,66кг,73кг,81кг,90 кг,+90 кг) және қыздар 8 салмақ дәрежесі (40 кг,44 кг,48 кг,52 кг,57 кг,63 кг, 70 кг,+70 кг) бойынша ел біріншілігінің алтын жүлделерін сарапқа салды. К.Ахметов атындағы ОРМММИК-нің жас дзюдошылары татами төрінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль олжалады. Атап айтқанда, 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мұрат Ерхан, Нұрбала Зайнул (48кг), Еділ Ерболұлы (73 кг), Досбол Балғабай 81 келіде ҚР чемпионатының алтын жүлдесін иеленсе, бабы мен бағы қатар шапқан дзюдошыларымыздың арасында Нұрбек Зауза (73кг), Аниса Ибатолла (70 кг) және Айымзада Думанқызы (+70 кг) күміс медаль еншіледі. Қола үшін өткен тартысты бәсекелерде Дамир Сырлыбай (50 кг), Қайрат Жеңісұлы (55 кг), Нұргелді Қанат (60 кг), Еркебұлан Орынбаев (66 кг) өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ. Чемпионаттың қорытындысы бойынша 2023 жылы Әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жасақталады. Дзюдо бөлімінің спортшылар және жаттықтырушылар құрамын жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз.