Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны

Алтын күн аспаны, 

Алтын дән даласы, 

Ерліктің дастаны, 

Еліме қарашы! 

Ежелден ер деген, 

Даңқымыз шықты ғой. 

Намысын бермеген, 

Қазағым мықты ғой.

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім, 

Гүлің болып егілемін, 

Жырың болып төгілемін, елім! 

Туған жерім менің — Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан, 

Кең байтақ жерім бар. 

Бірлігі жарасқан, 

Тәуелсіз елім бар. 

Қарсы алған уақытты, 

Мәңгілік досындай. 

Біздің ел бақытты, 

Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім, 

Гүлің болып егілемін, 

Жырың болып төгілемін, елім! 

Туған жерім менің — Қазақстаным!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы

МАЗМҰНЫ

Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша «нышандары», «нышандарының», «нышандарын», «нышандарына» деген сөздер тиісінше «рәміздері», «рәміздерінің», «рәміздерін», «рәміздеріне» деген сөздермен ауыстырылды — Қазақстан Республикасының 2008.07.04 N 56 Конституциялық Заңымен.

Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «мемлекеттік стандартқа», «мемлекеттік стандарттарға», «мемлекеттік стандарттарын» деген сөздер тиісінше «ұлттық стандартқа», «ұлттық стандарттарға», «ұлттық стандарттарын» деген сөздермен ауыстырылды — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ 

1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы — дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу — алтын түстес. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні — осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады. 

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы

Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау және пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін бекіту 

Мыналар: 

  1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының бейнесі (осы Конституциялық заңға 1-қосымша); 
  2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі (осы Конституциялық заңға 2-қосымша); 
  3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтіні (осы Конституциялық заңға 3-қосымша) бекітілсін. 
  4. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында — ұдайы; 
  5. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергілікті соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің басшыларының, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері басшыларының кабинеттерінде — ұдайы; 
  6. Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Үкіметтің үйлестіру және жұмыс органдарының отырыстары өтетін залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының сот мәжілісі залдарында, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некені тіркейтін үй-жайларда — ұдайы; 
  7. мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда; 
  8. егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың өкілетті өкілдерінің қатысуымен халықаралық форумдар өтетін ғимараттарда немесе үй-жайларда;
    1. мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде);
  9. ресми адамдар ретінде Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мінген теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және басқа да қатынас құралдарында; 
  10. Қазақстан Республикасында тiркелген кемелердiң бұлқынындағы ту ретiнде — белгiленген тәртiппен; 
  11. Қазақстан Республикасының әскери корабльдерi мен кемелерiнде — әскери жарғыларға сәйкес; 
  12. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында — Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндерінде, ант қабылдау кезiнде; 
  13. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу, ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде;
  14. жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында — жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде; 
  15. Қазақстан Республикасына мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің мемлекет басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде. 
  16. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен; 
  17. Қазақстан Республикасының әуе кемелерінде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады. 

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ 

6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану тәртібі

1. Мемлекеттік Елтаңба міндетті түрде: 

Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі міндетті түрде: 

  1. нотариустардың мөрлерiнде;

Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін. 

3. Мемлекеттік Елтаңба оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиіс. 

Мемлекеттік Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс. 

4. Осы Конституциялық заңда белгіленгеннен басқа жағдайларда мемлекеттік емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкілерінде, мөрлерінде және басқа да реквизиттерінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін пайдалануға тыйым салынады. 

Мемлекеттік Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды. 

Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылуы мүмкін.

Мемлекеттік Елтаңбаны және оның бейнесін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 370-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңдарымен.

7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын және басқа да елтаңбаларды Қазақстан Республикасының аумағында бір мезгілде пайдалану

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен шет мемлекеттердің елтаңбаларын немесе қоғамдық бірлестіктің, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгісін) бір мезгілде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының көлемі басқа елтаңбалардың көлемінен кіші болмауға тиіс. 

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгілерден) төмен орналастырылмайды. 

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ 

8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі

1. Мемлекеттік Гимн: 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде — ол ант бергеннен кейін; 
  2. Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде; 
  3. Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде; 
  4. теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
  5. Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде; 
  6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;
  7. Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде — тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орындалғаннан кейін; 
  8. жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде; 
  9. Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.

1-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Мемлекеттік Гимннің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.

Мемлекеттік Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Гимнді орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 370-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңдарымен.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібі

1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады. 

2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі. 

3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады. 

4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды. 

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ 

10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті 

Үкіметтің құзыретіне: 

  1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекітілген ұлттық стандарттарға және олардың бейнелеріне сәйкес келетін эталондарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру; 
  2. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін бекіту; 
  3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту;
    1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидаларын бекіту;
  4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органды айқындау;
  5. өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 370-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңдарымен.

11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті 

1. Техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган: 

  1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарттарын әзірлейді және бекітеді; 
  2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын әзірлейді; 
  3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады; 
  4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
  5. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган: 

  1. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін әзірлейді; 
  2. мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесін құрады, сондай-ақ ол туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
  3. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 370-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңдарымен.

12-бап. Жергілікті атқарушы органның құзыреті 

Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын ) бақылауды жүзеге асырады. 

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 

13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру 

1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. 

2. Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны — Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіледі. 

Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. 

14-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады. 

15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда — ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

16-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі 

1. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі. 

2. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 1996 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 1, 178-құжат; 1997 ж., N 12, 193-құжат; 2006 ж., N 1, 1-құжат) күшi жойылды деп танылсын.